ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ДІНИ ҚЫЗМЕТ ЖӘНЕ ДІНИ БІРЛЕСТІКТЕР ТУРАЛЫ ЗАҢДАРДЫ ҚОЛДАНУДЫҢ КЕЙБІР ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ

1 БӨЛІМ: ТІРКЕУ ЖӘНЕ МҮШЕ БОЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы (АҚҚХБ) – 1993 жылы құрылған, Қазақстанда және басқа елдерде саяси құқықтар мен азаматтық бостандықтарды алға жылжытатын  қазақстандық үкіметтік емес, коммерциялық емес құқық қорғаушы ұйым.

АҚҚХБ қызметінің негізгі бағыттары: адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын қоғамдық қорғаудың тиімді тетігін құру; демократиялық институттардың құрылуына, Қазақстанда және Орталық Азияның басқа елдерінде заңның ұлықтылығын алға жылжытуға және саяси құқықтар мен азаматтық бостандықтардың сақталуына жәрдемдесу.

Ұйым қызметінің жеке түрлері мыналар болып табылады: Қазақстан Республикасының адам құқықтары саласындағы заңдарын оның адам құқықтары саласындағы халықаралық құқықтық құжаттарға сәйкестігі тұрғысынан бағалау; Қазақстан Республикасында адамның саяси құқықтары мен азаматтық бостандықтарының сақталуына мониторингті ұйымдастыру, ұлттық және халықаралық құқықтық қорғау құралдарын пайдалана отырып, стратегиялық тартыстарды жүргізу, адам құқықтары саласында ағартушылық қызмет.

2020 ж. бастап АҚҚХБ Stefanus Alliance International (Норвегия) қолдауымен «Қазақстан Республикасында ар-ұждан, дін немесе сенім бостандығына құқықты қамтамасыз етудің құқықтық мәселелеріне жауап» атты жобаны орындауда. Жоба аясында 2020ж. 22, 23, 24 желтоқсанда ZOOM тұғырнамасында мемлекеттік органдардың өкілдері (соның ішінде ҚР Әділет министрлігі және ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі (ҚР АҚДМ Дін істері комитеті), адвокаттар, заңгерлер, діни қауымдар мен топтардың өкілдері үшін орыс және қазақ тілдерінде дін немесе сенім бостандығына құқықты қамтамасыз етудің практикалық аспектілері бойынша вебинарлар өткізілді. Вебинарларда сарапшылар сөз сөйлеп, ар-ұждан, дін немесе сенім бостандығын алға жылжыту мен осы бостандықты бұзудың құрбандарын қорғау тәжірибесімен және заң практикасымен алмасу өтті.

Вебинарлар нәтижесі бойынша АҚҚХБ заңгерлердің, адвокаттардың және діни бірлестіктер мүшелерінің көмегімен дін қызметі және діни бірлестіктер туралы заңдарды қолдану тәжірибесі туралы өзекті мәселелерді дайындап, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі (ҚР ӘМ) және Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі (ҚР АҚДМ) жолдады.

2021 ж. маусымның ортасында АҚҚХБ ҚР ӘМ (16.06.2016ж. №1-9/ЗТ-Ж-1104) және ҚР АҚДМ (15.06.2016ж. №02-24/ЗТ-ЖЖ-362) ресми жауаптарын алды, оларды сұрақтарымен бірге осы Ақпараттық брошюра түрінде ресімдеді, оны адвокаттар, заңгерлер, діни бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері өз практикалық қызметінде пайдалана алады.

Бұл ретте өз жауабында ҚР Әділет министрлігі 01.07.2021 ж. өзгерістері бар «Құқықтық актілер туралы» ҚР 2016 жылғы 06 сәуірдегі Заңына сәйкес оның жауабы нормативтік құқықтық актіні ресми түсіндірме актісі болып табылмайтынын ескертті. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жауабында мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерді түсіндірмені өз құзыреті шегінде бере алатынын ескертті. Осы түсіндірмелердің міндетті заңдық күші жоқ және олар ұсынымдық сипатқа ие.

«Құқықтық актілер туралы» ҚР Заңының 60 бабы 4 тармағына сәйкес, мемлекеттік саясатты жүргізетін, белгілі бір салада (қызмет аясында) реттеу мен басқаруды жүзеге асыратын немесе тиісті мәселелерді шешу өз құзыретіне жатқызылған мемлекеттік органдар не өзге де мемлекеттік органдар өздеріне берілген өкілеттіктерге сәйкес нақты субъектілерге қатысты немесе нақты жағдайға қолдануға қатысты нормативтік құқықтық актілерге өз құзыреті шегінде түсiндiрме бере алады.

Сондықтан осы жауаптарды уәкілетті органдардың нақты субъектілерге қатысты немесе нақты жағдайға қолдануға қатысты нормативтік құқықтық актілерге түсіндірме ретінде қарастырған жөн (дегенмен, ҚР ӘМ жауаптары нормативтік құқықтық актіні ресми түсіндіру актісі болып табылмайды), өйткені ҚР АҚДМ 01.07.2021ж. өзгерістері бар «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР 2011 жылғы 11 қазандағы Заңына сәйкес осы саладағы уәкілетті орган болып табылады, ал ҚР ӘМ 12.03.2021ж. өзгерістер бар «Әділет органдары туралы» ҚР 2002 жылғы 18 наурыздағы Заңының 18 бабы 2) тармақшасына сәйкес коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді, олардың филиалдары мен өкiлдiктерін есептiк тiркеуді жүзеге асырады, сонымен бірге Заңның 23 бабы 1-тармағы 1) және 3) тармақшаларына сәйкес мынадай функцияларды жүзеге асырады: адам мен азаматтың, ұйымдар мен мемлекеттiң құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерiн сақтау және қорғау; әдiлет органдарының құзыретiне жататын мәселелер бойынша азаматтар мен заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қабылдау, қарау.

Діни бірлестіктерде (бұдан ары – ДБ) тіркеу және мүше болу мәселелері бойынша ҚР ӘМ ЖӘНЕ ҚР АҚДМ бірқатар жауаптары ерекше көңіл аудартады.

Осылайша ДБ өкілдері мынадай сұрақ қойды: «Діни бірлестіктерді міндетті тіркеу туралы қазақстандық заңдардың ережелері Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактiге қайшы келеді. Міндетті тіркеу міндетті тіркеусіз діндар адамдардың жиналып, өз діни мұқтаждықтарын қанағаттандыра алмайтынын білдіре ме? Осы мәселені шешу ұйғарыла ма?».

ҚР ӘМ келесідей жауап берді: «Қазақстан Республикасы Конституциясының 23 бабы 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтарының бірлесу бостандығына құқығы бар. Қазақстан Республикасы азаматтарының еркін ойлау немесе қандай да бір дінге сенуге құқығы Қазақстан Республикасының Конституциясына, Азаматтық кодексіне, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР Заңына, сонымен бірге адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтары туралы Қазақстан Республикасы мойындаған халықаралық құқықтық актілерге негізделеді.

Коммерциялық емес ұйымның заңды тұлға ретіндегі құқыққа қабілеттілігі оны мемлекеттік тіркеу сәтінен бастап пайда болады. Сондықтан мемлекет сенім-наным бостандығын мойындай отырып, оларды қолдану тәжірибесін заңдармен реттейді, оларды іске асыру үшін құрылатын қоғамдық құралымдардың қызметі үшін құқықтық базаны құрады.  

Республика аймағында құрылатын барлық заңды тұлғалар олардың құрылу мақсаттарына, олардың әрекетiнiң жайы мен түрiне, сондай-ақ қатысушылардың құрамына қарамастан мемлекеттiк тiркеуге жатады. Осы рәсім мүліктік дербестігін бекіту, азаматтық айналымда өз атынан шығу, осымен тиісті құқықтар мен міндеттерге ие болу, диалог жүргізу және мемлекет алдында өз мүдделерін білдіру үшін қажет.  Бұл ретте, діни бірлестіктерге қандай да бір еңсерілмейтін міндеттемелер салынбайды. Осыған орай, діни бірлестіктерді тіркеу туралы қолданыстағы заңдар Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактiге қайшы келмейді».

Осы жауапқа сүйенсек, ҚР ӘМ діни бірлестіктерді тек қана заңды тұлға ретінде қарастырады және, осылайша, наным бостандығын іске асыру үшін осы мақсатта құрылатын қоғамдық құрылымдарды тіркеу қажет болады. Дегенмен, заңды тұлғаның құқықтық мәртебесін алу үшін міндетті тіркеу туралы сөз қозғалған, бірақ жауапта құрылу мақсаттарына қарамастан, заңды тұлғаны құрмай, азаматтардың бейресми, бірлестіктерін құру туралы ақпарат жоқ.

Келесі сұрақ ДБ құруға бастамашылар құрамын өгерткен жағдайдағы қайта тіркеуге қатысты болды: «Қазақстан Республикасының азаматтары жергілікті діни бірлестікті құруға бастамашы болды, құрылтай құжаттарына дінтану сараптамасының оң қорытындысын алып, ЖДБ тіркелді. Алайда, кейін әділет органдары егер бастамашыларда қандай да бір өзгерістер: заңмен қиындықтар, өлім және т.б. болса, ЖДБ қайта тіркеуді талап етеді, яғни ӘМ бастамашылардың өмір бойына құрылтайшы ретінде ақылдылық пен есендігін талап етеді. Бұл мәселені қалай шешуге болады?»

ҚР ӘМ бұл сұраққа келесідей жауап берді: «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Заңның 14-2 бабына [1995 жылғы 17 сәуірдегі 01.07.2021 ж. өзгерістермен. Автордың ескертуі] сәйкес коммерциялық емес ұйымдар құрылтайшыларының (қатысушыларының, мүшелерінің) құрамы өзгерген кезде заңды тұлғаның тіркеу деректеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Коммерциялық емес ұйымдар қатысушыларының ауысуы хабарламалық тәртіпке ие. Осылайша, қатысушылар ауысқан кезде тіркеу рәсімдерін өткізуге талап жоқ».

Берілген жауап тәжірибеде құқық қолдану тұрғысынан аса маңызды, себебі орындардағы әділет басқармасы ДБ қайта тіркеу секілді осындай өзгерістер мен толықтыруларды енгізу мәселесін өте жиі қарастырады.

Алайда, ҚР ӘМ жауабына сәйкес, заңды тұлғаны қайта тіркеу емес, оның құрылтай құжаттарына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды тіркеу жүзеге асырылады және мұндай жағдайда заңдарда тіркеу рәсімдерін өткізу туралы ешқандай талапты қамтымайды.

ҚР өкілдерінің ұқсас сұрағы мәні бойынша келесіге қатысты болды: «Тіркеуші органдар бір қалада (ауданда) мекенжайын ауыстырған кезде, заңды тұлға тек хабарламамен шектеле алатынына қарамастан, заңды тұлғадан мемлекеттік тіркелу туралы жаңа куәлікті алуды (жаңа мекенжайын көрсетумен) талап етеді? Орналасқан орнын ауыстыру бір аудан немесе қала, облыс шегінде болса, заңды тұлғаны содан соңғы қайта тіркеусіз және мемлекеттік тіркеу туралы жаңа куәлікті алу қажеттілігінсіз, тіркеуші органды хабардар ету жеткілікті ме?».

ҚР ӘМ өзінің жауабында келесідей түсіндірді: ««Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Заңның 14-1 бабына сәйкес орналасқан орны өзгерген жағдайда заңды тұлға заңды тұлғаның құрылтай құжаттарына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды мемлекеттік тіркеуді жүргізеді.

Мемлекеттік көрсетілетін қызметті Әділет министрлігі мен аумақтық әділет органдары коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларға, филиалдар мен өкілдіктерге қатысты көрсетіледі».

ҚР ӘМ алдыңғы сұраққа жауабындағыдай заңды тұлғаны қайта тіркеу емес, оның құрылтай құжаттарына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды мемлекеттік тіркеу жүзеге асырылатынын, осындай жағдайда заңнама тіркеу шараларында ешбір талаптарды қамтымайды.

Діни бірлестіктер өкілдерінің келесі маңызды сұрағы азаматтардың бірнеше ДБ құруға бастамашылық ету мүмкіндігіне қатысты болды: «Азаматтар бірнеше діни бірлестіктерді құруға бастамашы бола ала ма? Бір облыстың, республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың шегінде бір діни бағыттағы біпнеге діни бірлестіктер әрекет ете ала ма? Жергілікті діни бірлестік бір облыстың, республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың шегінде әрекет етеді. Осыған орай, жергілікті діни бірлестіктер үшін басқа облыстарда, Астана және Алматы ққ. Филиалдар құру мүмкіндігі туралы мәселе туындады».

ҚР ӘМ жауабы келесідей болды: «Заңмен шектеулер белгіленбеген. Бір облыстың, республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың шегінде бір діни бағыттағы бірнеше діни бірлестіктер әрекет ете алады.

Заңның 12 бабы 2-тармағына сәйкес діни бірлестік бір облыстың, республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың шегінде әрекет етеді.

Азаматтық кодекске сәйкес кез келген заңды тұлғаның филиалдарды құруға құқығы бар».

ҚР ӘМ осы жауабынан келесі туындайды:  

- азаматтар бірнеше діни бірлестіктерге шектеусіз бастамашы бола алады, бұған қоса олардың санына шек қойылмайды;

- діни бірлестік, соның ішінде жергілікті діни бірлестік, заңды тұлға ретінде филиалдарды құра алады, өйткені бұған Азаматтық кодекспен тыйым салынбаған.

Бұл азамат немесе азаматша діни бірлестіктердің кез келген санын құруға бастамашылық ете алатынын білдіреді. Ал құрылған және тіркелген жергілікті діни бірлестіктер мемлекеттің бүкіл аумағында филиалдардың шектеусіз санын аша алады, себебі 01.07.2021 жылы өзгертулер енгізілген 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі бұл мәселеге қатысты ешбір тыйымдарды қамтымайды.  

ДБ өкілдерінің тағы бір сұрағы шетел азаматтарына қатысты болды: «Шетел азаматтары діни бірлестіктердің мүшесі бола ала ма?»

ҚР ӘМ былай жауап берді: «Заңның 1 бабы 4) тармақшасына сәйкес діни бірлестік – Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың өз мүдделерінің ортақтығы негізінде діни қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен біріккен ерікті бірлестігі.

Баяндалғанды ескере отырып, Заңның осы ережелерін басшылыққа алу қажеттілігін мәлімдейміз, оған сәйкес шетел азаматтары діни бірлестіктердің мүшесі бола алады». 

Осылайша, ҚР ӘМ жауабына сәйкес, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалар үшін діни бірлестіктерге мүше болуда Қазақстан Республикасының заңнамасымен ешбір шектеулер қойылмаған. 

Келесі сұрақ шетел азаматтары – ДБ мүшелерінің Қазақстан Республикасының аумағында болуына қатысты болды: «Шетел азаматтарына виза 6 айға беріледі және тағы 6 айға ғана ұзартыла алады, бұдан кейін олар Қазақстанның аумағынан кетуге тиіс. Осы талап шығынды және қолайсыз болып табылады. Діни бірлестіктердің мүшелері болып табылатын шетел азаматтары үшін болу мерзімін ұзарту мәселесі қарастырылуы мүмкін бе?».

ҚР ӘМ өз жауабында бұл сұрақтар Қазақстан Республикасында болу мақсатына қарамастан, көші-қон туралы заңмен реттелетініне сүйенді.

ДБ өкілдерінің бір сұрағы оларға мүше болуға байланысты болды: «Уәкілетті орган «діни бірлестік мүшесі» ұғымын қалай түсіндіреді, себебі христиан шіркеуіндегі діни қауымның мүшесі көбінесе берілген діни бірлестіктің мүшелері болып табылмайды, алайда адамдар діни бірлестіктердің мүшелері болып табылмай, православие шіркеуіне немесе мешітке келетін сияқты дұғалы жиналыстарға қатысады? Уәкілетті орган осы діни бірлестіктердің мүшелері болып табылмайтын адамдардың діни іс-шараларға қатысуын қалай қарастырады?».

Бұған ҚР АҚДМ жауап берді, бұған қоса жауап түсінбеушілік тудырды: «Заңнамада «діни бірлестіктің мүшесі» анықтамасы жоқ. Дегенмен, Заңның 13 бабы 3) тармақшасының ережелерін ескере отырып, діни бірлестіктің мүшесі осы бірлестіктің діни тәрбиесі дағдыландырылған белгілі бір діни бірлестіктің мүшесі болып табылады.

Заңның 1 бабы 4-тармағына сәйкес діни бірлестік – Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың өз мүдделерінің ортақтығы негізінде діни қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен біріккен ерікті бірлестігі.

Әркім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес діни немесе өзге де нанымдарды ұстануға, оларды таратуға, діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға және миссионерлік қызметпен айналысуға құқылы».

ҚР АҚДМ жауабына сай, уәкілетті орган ДБ мүшелерін (қатысушыларын) ресми түрде ДБ мүшелері (қатысушылары) болып табылмайтын тұлғалардан қалай ажырататыны, алайда бір уақытта осы дінді ұстанушыларға қалай қарайтыны және діни қызметтер мен діни жораларға қатысатыны түсініксіз болды. 

Солай болса да, жалпы, уәкілетті мемлекеттік органдар – Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мен Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің діни бірлестіктердің және заңгерлердің сұрақтарына нормативтік құқықтық актілер мен нақты субъектілерге қатысты немесе нақты жағдайда қолданылатын құқық қолдану тәжірибесіне түсіндірмелерді қамтитын ресми жауаптары Қазақстан Республикасындағы діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнаманың жеке ережелерін қолдануда құқықтық анықтылықты қамтамасыз ету қағидасын және біркелкі әдісті белгілі бір деңгейде жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

2 БӨЛІМ: ДІНИ БІРЛЕСТІКТЕРДІҢ ҚЫЗМЕТІ

2021 ж. маусымның ортасында Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы діни бірлестіктердің өкілдері, заңгерлер, адвокаттар мен сарапшылар дайындаған сұрақтарға Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің (16.06.2016ж. №1-9/ЗТ-Ж-1104) және Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің (15.06.2016ж. №02-24/ЗТ-ЖЖ-362) ресми жауаптарын алды.

Діни бірлестіктерде тіркеу және мүше болу мәселелері бойынша мемлекеттік органдар жауаптарының бірінші бөлімі бұрын жарияланған.

Осы мақалада діни бірлестіктердің (бұдан ары – ДБ) қызметіне байланысты сұрақтаға жауаптар келтірілген.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне (ҚР АҚДМ) келесі сұрақ жолданды: «Діни бірлестік өзінің діни қызметін оның басқару органының орналасу орнынан тыс жүргізе ала ма? Кейбір мемлекеттік органдардың пікірінше, діни бірлестіктің қызметі басқару органының орналасқан орнынан басқа жерде жүзеге асырылмауға тиіс, дегенмен, жергілікті діни бірлестікті тіркеу оның қызметі облыстың (республикалық маңызы бар қаланың) барлық аумағына қолданылады дегенді бірдіреді ғой».

Бұл сұраққа ҚР АҚДМ келесі жауапты берді: ««Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР Заңының 12 бабына сәйкес Қазақстан Республикасында: жергілікті, өңірлік және республикалық мәртебесі бар діни бірлестіктер құрылуы және әрекет етуі мүмкін.

Қазақстан Республикасының кемінде елу азаматының бастамасы бойынша құрылған, бір облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың шегінде әрекет ететін діни бірлестік жергілікті діни бірлестік болып танылады.

Кемінде екі облыстан, республикалық маңызы бар қалалардан және астанадан өкілдік ететін, олардың әрқайсысынан Қазақстан Республикасының кемінде екі жүз елу азаматы бар екі және одан да көп жергілікті діни бірлестіктердің қатысушылары (мүшелері) болып табылатын, Қазақстан Республикасының кемінде бес жүз азаматының бастамасы бойынша құрылған діни бірлестік өңірлік діни бірлестік болып танылады.

Өңірлік діни бірлестіктер осы жергілікті діни бірлестіктердің қызметі аумағының шегінде құрылып, өз қызметін жүзеге асырады.

Барлық облыстардан, республикалық маңызы бар қалалардан және астанадан өкілдік ететін, Қазақстан Республикасының кемінде бес мың азаматының бастамасы бойынша құрылған, олардың әрқайсысында Қазақстан Республикасының кемінде үш жүз азаматы бар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының барлық аумағында өз құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) бар діни бірлестік республикалық діни бірлестік болып танылады».

Осылайша, ҚР АҚДМ жауабын ескерсек, жергілікті діни бірлестік өз қызметін өзі тіркелген облыстың (республикалық маңызы бар қаланың) барлық аумағында, оның басқарушы органы орналасқан жерге қарамастан, жүзеге асырады. Сәйкесінше, өңірлік діни бірлестік оған мүше жергілікті ДБ орналасқан өңірлердің (республикалық маңызы бар облыстардың, қалалардың және астананың) барлық аумағында өз қызметін жүзеге асырады.

Бірнеше сұрақтар діни ғимараттар (құрылыстар) шегінен тыс діни жанылстар өткіщуге рұқсат алу қажеттілігіне қатысты болды, мысалы: «Діни бірлестікке діни съезді, конференцияны немесе жай құдайға құлшылық етуді өткізу үшін үй-жайды, мысалы мәдениет сарайын жалға алу үшін немесе стадионда жиналыс өткізу үшін арнайы рұқсат талап етіле ме? Ашық стадионның жабық үй-жайдан еш айырмасы жоқ, өйткені оған тікелей кіруге мүмкіндік жоқ, және заңнамаға сәйкес ол бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнаманың қолданылуына жатпайды».

ҚР АҚДМ келесі түсіндірмені берді: «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңның 7 бабы 2-тармағына сәйкес құдайға құлшылық ету, діни жоралар, рәсімдер және (немесе) жиналыстар ғибадат үйлерінде (ғимараттарында) және оларға бөлінген аумақта, құлшылық ету орындарында, діни бірлестіктер мекемелері мен үй-жайларында, зираттар мен крематорийлерде, жақын жерде тұратын адамдардың құқықтары мен мүдделерін сақтау шартымен тұрғын жайларда, қажет болған кезде қоғамдық тамақтандыру объектілерінде бөгетсіз жүргізіледі (жасалады).

Өзге жағдайда діни іс-шаралар Заңның 5 бабы 7-тармағына сәйкес жүзеге асырылады. Атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдар діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайларды ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде орналастыруды Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2020 жылғы 31 наурыздағы №97 бұйрығымен бекітілген мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына сәйкес келіседі.

Діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайларды ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде орналастыруға келісуге қойылатын талаптар мен рәсімдер барлық діни бірлестіктер үшін бірдей, анық әрі әділ».

ҚР АҚДМ жауабына сүйенсек, діни съезді, конференцияны немесе жай құдайға құлшылық етуді діни ғимараттан тыс, оның ішінде стадионда өткізу үшін келісу туралы әкілетті органның шешімі қажет. Бұл ретте, осы іс-шараларды жабық үй-жайларда немесе стадионда ұйымдастыру және өткізу тәртібі ҚР Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңмен емес, ҚР Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңымен реттеледі.

Жеке сұрақтар діни бірлестіктердің қайырымдылық қызметіне байланысты туындайды: «Діни бірлестіктер қайырымдылық қызметті және мейірімділікті қоғамдық қорлар арқылы, сонымен бірге дербес жүзеге асыруға, сондай-ақ қайырымдылық мекемелерді (үйлерді, интернаттарды және басқаларын) құруға құқылы. Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңның 10 бабының ережелері не себептен БҰҰ Жарғысының 1 бабы 3-тар., 13 бабы b-тар., 55 бабы с-тар.ң, Дін немесе наным негізіндегі төзбеушілік пен кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы Декларацияның (БҰҰ Бас ассамблеясының 1981 жылғы 25 қарашадағы 36/55 қарарымен қабылданған) 6 бабының, 7 бабының, 8 бабының нормаларына сәйкес келмейді?»

ҚР АҚДМ жауабы: «Заңның 10 бабы 1-тармағына сәйкес дiни бiрлестiктер қайырымдылықты жүзеге асыруға және қайырымдылық ұйымдарын ашуға құқылы, бұл Дін немесе наным негізіндегі төзбеушілік пен кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы Декларацияның (БҰҰ Бас ассамблеясының 1981 жылғы 25 қарашадағы 36/55 қарарымен қабылданған) 6, 7, 8 баптарынынң талаптарына сәйкес келеді».

Осылайша, ҚР АҚДМ жауабына сүйенсек, діни бірлестіктердің қайырымдылық қызметін жүзеге асыруға және қайырымдылық ұйымдарын ашуға құқығы бар.

Бірқатар сұрақтар жаңа діни ғимараттар (құрылыстар) салуға қатысты болды, соның ішінде: «Не себептен өңірлерде жаңа соборларды ашуға рұқсат бермейді?»

Бұл сұраққа ҚР АҚДМ келесідей жауап берді: «Ғибадат үйлерді салуға шектеулер жоқ, бұл мәселе Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2020 жылғы 31 наурыздағы №97 бұйрығымен бекітілген «Ғибадат үйлерін (ғимараттарын) салу және олардың орналасатын жерін айқындау туралы шешім беру» мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларымен реттеледі».

Яғни, ҚР АҚДМ жауабына сәйкес ғибадат үйлерін салуға шектеулер жоқ.

Алайда, келесі сұрақтарға жауаптар діни мақсатта пайдалану үшін ғимараттарды және үй-жайларды салуға немесе жалға алуға қатысты белгілі бір қиындықтарды тудырды.

Бір сұрақ келесідей болды: «Ғибадат үйлерін салуда жанында тұратын адамдардан құрылысқа келісімін алу туралы орындалуы мүмкін емес көрінеу талап басты қиындық болып табылады – іс жүзінде учаске бойынша көршілерден ғана емес, осы көшеде және ауданда тұратын адамдардан да рұқсатын талап етеді.

Заңда осы адамдардың ішіне кім кіретіні аталмаған. Тіпті осындай адамдардың бірінің бас тартуы рұқсатты беруден бас тарту үшін негіздеме болып табылады.

Азаматтардың жиналысын өткізу талаптары бар, бірақ осындай жиналысты ұйымдастыру және өткізу, оның шешімдеріне наразылық келтіру ресімі еш жерде көрсетілмеген. Және нәтижесінде, азшылық аудан тұрғындарының көпшілігінің келісімін ала алмайды, өйткені олар өзге дінге сенеді немесе субъективті қате түсінікке ие. Осы мәселе бойынша мемлекеттің ұстанымы қандай?»

ҚР АҚДМ келесі түсіндірме берді: ««Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 42-1 бабы 1-тармағына сәйкес пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері жиналыста кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға байланысты мәселелерді қарайды және шешімдер қабылдайды.

Жиналыста қабылданған шешімдер пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың барлық меншік иелері үшін міндетті болып табылады.

Сонымен бірге, Заңның 42-1 бабы 5-тармағына сәйкес, егер жиналысқа пәтерлер, тұрғын емес үй-жайлар меншік иелерінің жалпы санының жартысынан астамы қатысса, жиналыс шешім қабылдауға құқылы.

Шешім дауыс беруге тікелей қатысқан пәтерлер, тұрғын емес үй-жайлар меншік иелерінің жалпы санының көпшілігі келіскен кезде қабылданады.

            Өз кезегінде, Заңның 42-2 бабы 1-тармағына сәйкес егер бұрын келу тәртібімен жарияланған жиналыс кворум болмау себебінен өтпесе, жиналыс жазбаша сауалнама арқылы өткізіледі. Жазбаша сауалнама жүргізу және оның мерзімдері туралы шешімді үй кеңесі қабылдайды.

Сонымен қатар, ғибадат үйінің аумағымен шекаралас әр тұрғын үйде ғибадат үйін (ғимаратты) салуға келісімі туралы жергілікті қауым жиналысы шешімінің немесе үй-жайлар (пәтер) меншік иелері жиналысы шешімінің көшірмесін алуы қажет екені туралы еске саламыз».

ҚР АҚДМ жауабына сәйкес, шешімдерді пәтер, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелерінің жиналыстары қабылдауға тиіс, бұл ретте діни ғимаратпен шекаралас әр тұрғын үйге қатысты сөз қозғалып отыр.

Осыған қатысты келесі сұрақ былайша құрылды: «Құдайға құлшылық етуді өткізу үшін (бұл іс-шараларды өткізу үшін үй-жайды жалға алуда қамтиды) үй-жайды қайта бейіндеуге қойылатын талаптарды орындау мүлдем мүмкін емес. Мәселен, үй-жайды белгілі бір объектілерден 300 метр қашықтықта орналастыру туралы талап қала құрылысы нормаларын ескерусіз алынған. Заңдарда іс жүзінде қашықтықты қалай есептеу туралы көрсетілмеген, ал мемлекеттік қызметшілер жай ғана радиусын қарайды. Алайда, жекелеген конфессияларда салтанатты өткізуде (мысалы, шоқыну рәсімі, ойықта шомылуды ұйымдастыру және т.б.) ешкім ешқандай талаптарға қарамайды. Осындай орындалуы мүмкін емес шектеулерді қалай жоюға болады?»

ҚР АҚДМ өз жауабында келесідей түсіндірме берді: «Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрінің 2017 жылғы 9 маусымдағы №89 бұйрығымен бекітілген Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы стационарлық үй-жайлардың, сондай-ақ ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайлардың орналастырылуын айқындау жөніндегі нұсқаулықтың 7-тармағына сәйкес діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жай темір жол және автовокзалдарды, әуежайлар мен порттарды қоспағанда, аумақтар мен ғимараттардан (оларға іргелес аумақтар болмаған жағдайда) 300 метрден кем емес қашықтықта орналастырылады.

Ал діни бірлестіктерге тиесілі ғибадат ғимараттары (мешіттер, шіркеулер, синагогалар және т.б.) үшін жоғарыда аталған талаптар қойылмайды.

Ғимараттарды қайта бейіндеу мәселесі Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2020 жылғы 31 наурыздағы № 97 бұйрығымен бекітілген «Үйлерді (ғимараттарды) ғибадат үйлері (ғимараттары) етіп қайта бейіндеу (функционалдық мақсатын өзгерту) туралы шешім беру» мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларымен реттеледі.  

Ғимараттарды ғибадат үйлері етіп қайта бейіндеуге қойылатын талаптар мен ресімдер барлық діни бірлестіктер үшін бірдей, айқын және әділ. Олар діни бірлестіктерге қандай да бір еңсерілмейтін міндеттемелерді салмайды және кемсітушілік сипатқа ие емес».

Сөйтіп, ҚР АҚДМ жауабына сүйенсек, діни ғимараттарға (үй-жайларға) қатысты сөз қозғалған кезде қашықтықты – 300 метрді сақтау талабы жоқ. Бұл талап діни ғимараттардан (үй-жайлардан) тыс діни іс-шараларға арналған үй-жайларға, сондай-ақ діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды таратуға арналған стационарлық үй-жайларға қатысты.

Сайып келгенде, мынадай сұрақ қойылды: ««Құлшылық ету орындары» терминінің толық ресми түсініктемесін алуға бола ма?»

ҚР АҚДМ келесідей түсіндірме берді: «Заңнамада «құлшылық ету орындары» деген анықтама жоқ. Бұған қоса, Заңның 7 бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырсақ, құлшылық ету орындары деп дінге сенушілер өз құрметін білдіру үшін, сондай-ақ діни жоралар, рәсімдер және салт жораларды жасау үшін пайдаланатын орындарды - құрылыстарды, табиғи объектілерді, аумақтарды түсінген жөн».

Уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің діни бірлестіктер өкілдерінің және заңгерлердің сұрақтарына нормативтік құқықтық актілер мен нақты субъектілерге қатысты немесе нақты жағдайда қолданылатын құқық қолдану тәжірибесіне түсіндірмелерді қамтитын ресми жауаптары Қазақстан Республикасындағы діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнаманың жеке ережелерін қолдануда құқықтық анықтылықты қамтамасыз ету қағидасын және біркелкі әдісті белгілі бір деңгейде жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Евгений Жовтис, Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының директоры