Діни бірлестіктерді ҚҚС төлеуден босатудың құқықтық аспектілері

Салық салу жүйесі кез келген заманауи мемлекетте міндетті және соған тиісті элемент ретінде қолданылады. Салықтар мемлекет кірісінің негізгі нысаны болып табылады және сонымен қатар, қаржылық шешімдерді шешумен қоса, әртүрлі қоғамдық мүдделердің өзара экономикалық әрекеттесуінде салық механизмі маңызды рөл атқарады.

Осындай өзара әрекеттесудің негізгі нысандарының бірі салық жеңілдіктері болып саналады. Дүниежүзінің салық жүйелеріне бұл институт бұрыннан белгілі. Заң ғылымдарының докторы Алибеков С.Т. пікіріне сай: «мемлекет салық жеңілдіктерін әлеуметтік сала секілді экономиканың басым даму бағыттарын жүзеге асыру құралы ретінде қолданады... Бұл заңнамамен бекітілген салық жүйесінің құрамды бөлігі болып табылады, және салық ауыртпалығын жеңілдету арқылы төлеушілердің кәсіпкерлік қызметін қаржылық-экономикалық ынталандыруды қамтамасыз етеді»[1].

Заң ғылымдарының докторы Порохов Е. В. Қазақстандағы салық жеңілдіктерінің  тарихын, бәрінен бұрын, мемлекеттің және оның әлеуметтік-экономикалық жүйесінің дамуындағы артықшылықтар мен басымдықтар тарихы ретінде бағалайды. Бұған қоса, ол «салық жеңілдіктері бастапқыдан салық төлеушілер болған, бірақ бұған қоса, мемлекеттің атаулы және мақсатты көмегі мен қорғауын пайдаланатын жеке адам категорияларына ұсынылады» деп айқындайды [2].

Біздің тақырыбымыздың аясында Қазақстан Республикасы құрылған сәтінен бастап осындай салық төлеушілер қатарына діни бірлестіктерді де жатқызғанын атап өтейік. Мұндай тұжырымға келу себебіміз, мемлекет діни бірлестіктерді басқа субъектілер арасында бөліп отырды, ал діни сала кейбір салық жеңілдіктерін пайдаланып келді, белгілі бір шамада қосылған құн салығын (бұдан ары – «ҚҚС») төлеуден босатылып келді.

Сөйтіп, мысалы, ҚР 24.04.1995 жылғы «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» заңының 57 бабы 1 тар. 5 тш-да коммерциялық емес ұйымдардың қызметі балалар, қариялар және мүгедектерді қорғау және әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша қызметтер, мәдениет, ғылым, дене шынықтыру және спорт саласында қызметтер көрсетумен, сонымен қатар діни ұйымдардың жоралар мен рәсімдерді өткізуімен байланысты болған жағдайда, оларды ҚҚС төлеуден босату көзделген болатын.

12.06.2001 ж. жаңа Салық кодексін (бұдан ары - «ҚР СК») қабылдауға байланысты берілген норма айтарлықтай өзгертілді – діни бірлестіктерге қатысты 229 арнайы бап қарастырылды, оның 1 тар. 2 тш. діни бірлестіктердің жоралар мен рәсімдерді орындауымен, діни тиесілілік құралын сатумен байланысты айналымдар үшін оларды ҚҚС төлеуден босатты.

Біздің көзқарасымыз бойынша, осы норманың арқасында, діни бірлестіктер үшін салық жеңілдіктер қағидасы толықтай жүзеге асырылды, оның көмегімен оларға мемлекеттік қолдау көрсетілді, біздің еліміздің сол кездегі тарихына тән мемлекеттің дін саласына деген жақсы ниеті білдірілді.

Алайда, 10.08.2008 жылғы жаңа ҚР СК қабылдаумен бұл тәртіп елеулі түрде өзгерді. Діни бірлестіктерге салық салу тәртібін реттейтін арнайы бап онда енді жазылмады, ал 248 жалпы бапта (1 тар. 24 тш.) Қазақстан Республикасының әділет органдарында тіркелген діни бірлестіктердің діни мақсаттағы құралдарды сатуынан түскен айналымдар ғана ҚҚС-нан босатылды.

Осы норма ҚР Үкіметінің басқа құқықтық актісіне жіберілгені есте қаларлық – онда діни мақсаттағы құралдардың тізімі мен оларды іріктеу өлшемшарттары жеке айтылды. Дәл осындай түрде берілген норма ҚР күші бар СК сақталған болатын (394 б. 1 тар. 20 тш.).

Осы мәселені толық қарастыру үшін діни мақсаттағы құралдардың импортын ҚҚС-нан босату мәселелерін реттейтін ҚР СК 399 б. 1 тар. 13 тш. да атап өткен жөн, ал ол құралдардың тізімі ҚР Үкіметімен бекітілді.

Осыған байланысты Үкіметтің 2018 жыл 6 сәуірдегі №174 қаулысымен бекітілген, аталған «Діни мақсаттағы құралдардың тізімі және оларды іріктеу өлшемшарттары» құжат ерекше назар аудартады, себебі дәл оның мазмұны діни мақсаттағы құралдарды сату және шеттен әкелу кезінде діни бірлестіктердің жеңілдік қарастырылған жағдайын айтарлықтай шектеді.

Қаулы екі қосымшаны қамтиды: біріншісінде діни мақсаттағы нақты бір құралдар тізіп жазылған, ал екіншісінде осындай құралдардың іріктеудің өлшемшарттары баяндалған:

  • құрал діни ғимараттардан (құрылыстардан) тысқары және оның аумағында діни шараларды өткізу үшін діни ғимаратта (құрылыста) немесе үй-жайда пайдаланылады;
  • құрал құдайға құлшылық ету, діни жораны, рәсімдерді орындау үшін не болмаса діни ғимараттардан (құрылыстардан) тысқары діни шараларды өткізген кезде діни ғимараттың (құрылыстың) немесе үй-жайдың ішін, сыртын безендіру үшін арналған;
  • құрал діни бірлестіктің тиісті діни ұстанымына қатысты болады;
  • құрал тиісті діни бірлестікпен сатып алынды;
  • бір құралдың құны бір мың айлық есептік көрсеткіштен асады.

Бұған қоса, кез келген бір құралдарды діни мақсаттағы ретінде анықтайтын өлшемшарттарды айқындау үшін құжатта Еуразиялық экономикалық одағының Сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай Тауар тізімдемесінің (ЕЭО СЭҚ ТТ) тиісті кодтары көрсетіледі, бұл мемлекеттің осы мәселеге аса маңызды көңіл бөлетінін және оны мұқият регламенттейтінін дәлелдейді.

Алайда, берілген Қаулының мазмұнын талдау барысында осы заңға бағынышты акті, заңды тұлғаның ұйымдық-құқықтық нысаны ретінде заңға (ҚР СК) ғана емес, сондай-ақ діни бірлестіктің құқықтық қағидаларына да қайшы келетіні анық болады. Сонымен қатар, бізге бұл құжат діни бірлестіктерді және қарапайым діни қауым мүшелерін қосымша салық жүктемесімен ауыртпалық түсіретін болып көрінеді. Осындай пікірді ұстанудың негізі келесілерде жатыр:

1. Қазақстан Республикасының «Құқықтық актілер туралы» заңының 24 бабы 3 тар. сәйкес, құқықтық актінің мәтіні әдеби тілдің нормаларын, заң терминологиясын және заң техникасы нормаларын сақтап баяндалған, оның ережелері қысқа да нұсқа болу керек, мағынасы анық болуы керек және әртүрлі түсіндірілмеуі тиіс.

Діни мақсаттағы құралдарды іріктеу өлшемшарттарына қатысты қаулының талданып отырған мәтіні келесі түрде баяндалған: «Қазақстан Республикасының әділет органдарында тіркелген діни бірлестіктермен шеттен әкелінетін, импорты қосылған құн салығын төлеуден босатылатын діни мақсаттағы құралдарды (бұдан ары - «құрал») іріктеу келесі өлшемшарттарға сәйкес жүзеге асырылады …».

Біздің ойымызша, мұндай тұжырымдама қойылған талаптарға сәйкес келмейді.  Үзінді келтірілген мәтін мағынасынан құралдың бір, бірнеше немесе барлық өлшемшарттарға біруақытта сәйкес келу керектігі анық көрінбейді? Егер заң шығарушы құралдың дәл барлық айтылған өлшемшарттарға сәйкес келуін айтқысы келсе, онда басқалай тұжырымдау қисынды болар еді: «Діни мақсаттағы құралдарды іріктеу … барлық келесі өлшемшарттарға ... сәйкес келген жағдайда жүзеге асырылады».

Сөйтіп, бізге Үкімет Қаулысының мәтіннің мағынасы ҚР «Құқықтық актілер туралы» заңының талаптарына сәйкес келмейтін болып көрінеді, себебі анық мағынасы берілмеген, әркелкі оқылуы үшін негіз тудырады және әртүрлі түсіндірілуі мүмкін. Ал мұндайға жол бермеу керек.

Әртүрлі құқықтық жағдайларды түсіну және оларды реттейтін нормаларды түсіндіруге қатысты мемлекеттік органдардың түсіндірмелеріне біз жүргізген талдау олардың өздері тиісті жауапты көбінесе таба алмайтынын және кез келген құралдың белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келуі туралы туындайтын сұрақтарға назар аудармайтынын көрсеткенін айта кетейік [3]. Мемлекеттік органның осылай сасқалақтауының себебі аталған құқықтық акті мәтінінің дәл бірмәнді еместігінде деп санаймыз.

2. ҚР СК 399 бабы «Қосылған құн салығын төлеуден босатылатын импорт» ретінде белгіленген. Баптың атауын дәлме-дәл түсіндіру бірден келесі негізгі сөздердің біреуін белгілеуге мүмкіндік береді - «босату», яғни «бірдеңеден құтылу» [4]. Бұл мағынада, ҚР СК 399 бабы 13 тар. ескере отырып, заң шығарушының еркі бізге салық құқықтық қатынас субъектісін діни мақсаттағы құралдарды импорттауды жүзеге асырған кезде ҚҚС төлеуден босатуға бағытталған болып көрінеді.

Осылайша, діни мақсаттағы құралдарды іріктеу өлшемшарттары материалдық дүниенің кез келген бір құралының дінге тиесілі болуына ғана негізделу керек деп болжау орынды.

Алайда, Үкімет Қаулысымен үзінді келтірілген СК нормасының мағынасына қарамастан, құралды діни мақсаттағы құрал ретінде анықтауда бағалау өлшемшарттары қандай негізге сүйеніп анықталғаны түсініксіз (Үкімет Қаулысының 5 тармағы «бір құралдың құны бір мың айлық есептік көрсеткіштен асады»).

Негізінде, құнын белгілеу өлшемшарттарын діни мақсаттағы құралдарға қолдану дұрыс емес деп санаймыз. Және егер босату заңмен тікелей белгіленген болса, онда құралдың құнына байланысты оның шектеулерін енгізу қисынсыз болады. 

Салыстыру ретінде, Ресей Федерациясының діни мақсаттағы құралдарға салық салудан босату мәселелерін реттейтін заңнамасы (Ресей Федерациясының Салық Кодексінің 149 бабы 3 тармағы, Ресей Федерациясы Үкіметінің 2001 жыл «31» наурыздағы №251 қаулысы) (№2 қосымша), діни мақсаттағы құралды анықтаған кезде құнын айқындау өлшемшартын қарастырмайды. Керісінше, діни мақсаттағы құралдарын анығырақ және кеңірек тізіміне қоса, құралдары төмендегілер ретінде пайдалану жіктемесі заңмен бекітілген:

  • храм кеңістігінің құралы;
  • құдайға құлшылық ету, рәсімдер мен жораларды орындау үшін қажетті құралдар;
  • діни мақсаттағы құралдарды сақтау, бекіту, әрекет етуі және орнын ауыстыруы үшін қажетті арнаулы қосымша құралдар;
  • діни мақсаттағы баспа өнімі.

Осындай ұқсас әдістер біздің ойымызша қисындырақ және салық заңнамасының мәтініне де, мәніне де сәйкес келетін болып көрінеді.

3. Күші бар заңнамаға сәйкес діни бірлестіктер коммерциялық емес ұйымдар ретінде тіркеледі. Олардың қызметі іс жүзінде қызметтен табыс көруге бағытталмаған. Болжалды кәсіпкерлік қызметтен түсетін барлық кірістерді діни бірлестіктер жарғылық мақсаттарға қол жеткізу үшін пайдаланады. Бұл ретте, қаражаттың көп бөлігі діни қауым мүшелерінің ерікті қайырмалдық-саақаларынан түседі.

Мысалы, Ресей Федерациясынан іс жүзінде солай болып табылатын, бірақ Үкімет Қаулысының талаптарына сәйкес келмейтін діни мақсаттағы құралдарды әкелген кезде ҚҚС төлей отырып, қазақстандық діни бірлестіктер қосымша салықтық жүктемеге ұшырайды және нәтижесінде бұл ауыртпалық осы бірлестіктер мүшелеріне түсетіні сөзсіз.

Қосылған құн салығының негізіне экономикада тауар айналымын жеделдету қағидасы қойылғанын атап өткен жөн. Берілген қағида, біздің пікіріміз бойынша, діни мақсаттағы құралдарға қолданылмауы тиіс. Тіпті заң шығарушының өзі «тауар» терминін діни мақсаттағы құралдарға қатысты қолданбайтынына, және осы салық салу объектілерінің жеке категориясын орынды түрде «діни мақсаттағы құралдар» деп айқындайтынына назар аударайық.

Сөйтіп, Қазақстан Республикасында тіркелген діни бірлестіктер пайдаланатын діни мақсаттағы құралдарға қазіргі уақытта қолданылатын ҚҚС салу заңды тұлғаның ұйымдық-құқықтық нысаны ретінде олардың заңды болмысына және олардың қызметінің заңмен бекітілген тиісті қағидаларына тура қайшы келеді.

Біздің көзқарасымызға сай, салық заңнамасын діни бірлестіктерге ҚҚС төлеу бойынша үлкен жеңілдіктер беру бөлімінде өзгерту – қажет әрі әлеуметтік маңызды болып табылады. Біздің ұстанымымыздың салмақты дәйегі осы салықтың мәні, белгілі болғандай, салық ауыртпалығын салықтың бүкіл сомасын іс жүзінде төлейтін соңғы тұтынушыға аудару болып табылатынында жатыр.

Өнімнің өзіндік құны және сатып алушы сатып алғаны үшін төлейтін, өнімді сатқан кездегі бағасы арасындағы айырмашылығымен жанама салықтың мемлекетке төленетіні, іс жүзінде, әбден орынды және әділетті. Алайда, діни мақсаттағы құралдарға қатысты жағдай мүлде басқа, себебі олардың сатып алушылары шіркеу, мешіт, өзге діни ұйымдардың келушілері болып табылады, және олар, көбінесе, ерекше молшылыққа қарағанда көмекке зәру, осындай құралдар құнының артуы олар үшін елеулі, жағымсыз қатынас, өкпе мен түсініспеушілік тудырады.

 Мемлекет кез келген бір салық салу субъектісіне икемділік танытып, сараланымдық ыңғай көрсетуге қабілетті болса, онда ол өзінің экономикалық қана емес, сондай-ақ көптеген әлеуметтік міндеттерін шешуде айтарлықтай нәтжелерге қол жеткізетініне біз сенімдіміз. Егер Қазақстан Республикасы өзін әлеуметтік мемлекет деп айқындаса, онда жоғарыда берілген жағдайларды ескеру салық саясатын жүргізуде жалпы қабылданған тәжірибе болу керек.

Діни ұйымдар материалдық пайда көруге тырысатын коммерциялық субъектілер ретінде емес, керісінше азаматтардың ар-ұждан, діни сенім, діни ұстаным бостандығы конституциялық құқықтарын жүзеге асыру үшін мемлекетпен құрылады және заңдастырылады. Осы ұйымдардан адамдар көмек іздейді, өмірде қиын жағдайды бастан кешірген кезде жанашырлық, пана іздейді. Және олардың қызметінің шүбәсіз мәні дәл осында – әлеуметтік қызмет етуде жатыр, ал бұған мемлекет қолдау көрсетіп, жәрдемдесуі тиіс. Дәл осы мәнде діни бірлестіктерге қатысты салықтық жеңілдіктер осындай мемлекеттік қолдаудың маңызды нысаны бола алады.

Мемлекеттің қазіргі таңда осы анық жағдайларды елемейтінін және діни бірлестіктерді мемлекеттік бюджетті толтыруға міндетті шаруашылық жүргізуші субъектілер ретінде ресми түрде көретіні келешекте тиімсіз және әлеуметтік тұрғыдан зиян деп санаймыз. Бұл ұйымдар мемлекет үшін өздерінің ҚҚС төлей алу қабілеттілігі немесе міндеттілігімен емес, қайта мемлекеттік әлеуметтік міндеттерді шешуге белсенді қатысуларымен мүдделі болу керек!

Пайдаланылған дереккөздер тізімі

1. Алибеков С.Т. Қазақстан Республикасының Салық құқығы. (Жалпы және Ерекше бөлімі). – Алматы, 2013 ж. 20 б.

2. Порохов Е. В. Қазақстан Республикасында салық жеңілдіктері мен артықшылықтарының құқықтық тәртібі //электрондық ресурс https://online.zakon.kz/Document/?doc_id=32574979

3. Ашық диалог egov.kz – ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті Төрағасының блогы / электрондық ресурс /  https://dialog.egov.kz/blogs/all-questions/487964

4. Ушаков Дмитрий: Қазіргі орыс тілінің үлкен түсіндірме сөздігі. М: Хит-книга баспасы, 2017 ж. 570 б.