Діни және этникалық тақырыптағы масс-медиа жарияланымдарының сот-лингвистикалық мәселелері
Бүгінгі күні бірнеше дәтүрлі діндермен бірге, діни бірлестіктер қатар өмір сүретін кез келген көпконфессиялы, көпұлтты мемлекетте үйлесімді этникааралық, дінаралық қарым-қатынастардың орнығуы ел ішіндегі бейбіт өмірдің сақталып, ел экономикасының қалыпты дамуында аса өзекті болып табылады. Бұл тұрғыда мемлекеттің дінаралық, ұлтаралық қарым-қатынастарды дамытуға байланысты шараларынан бөлек, дәстүрлі баспасөз, Ғаламтор сайттары мен әлеуметтік желілер сияқты масс-медиа құралдары арқылы таратылатын этникалық, діни бағыттағы ақпараттардың мазмұны ерекше орын алады. Өйткені зайырлы мемлекет өз азаматтарының діни сенімдеріне құрметпен қарай отырып, сол уақытта қоғамның ішкі ауызбіршілігінің бұзылмауын, халықтың бейбіт өмірі мен мемлекет билігінің қауіпсіздігін ескереді.
«Зайырлы мемлекет дегеніміз не? Зайырлылықтың негізгі қағидаттары қандай?» деген сұрақ қоя отырып, «Нұр-мүбәрак» университетінің дінтанушы ғалымы Мұқан Исахан оны көпшілікке мына түрде түсіндіреді: «Зайырлылық» ұғымы мемлекеттің дінге деген ұстанымының демократиялық сипатта екенін, діни сенім бостандығының қамтамасыз етілетінін білдіреді. Мемлекет пен діннің арасында зайырлы әрі рухани құндылықтарға сүйенген жанды байланыстар орнаған. Зайырлы мемлекеттің маңызды сипаттарының бірі – діни сенімдері мен көзқарастары әр түрлі азаматтардың бейбіт қатар өмір сүруі. Яғни зайырлы мемлекет рухани саладағы көптүрлі қарым-қатынастың құқықтық негіздерін қамтамасыз етеді» https://kazislam.kz/zajyrly-memleket-degenimiz-ne-zajyrl/.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, ашық, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады» деп көрсетілген қағиданың мемлекетте іс жүзінде орындалғанын мына зерттеуде келтірілген деректерден аңғаруға болады: «2015 жылғы діни бірлестіктердің ислам - 69,2%, православие - 9,2 %, елуіншілер - 6,1%, баптистер - 5,1%, католиктер - 2,4%, Иегова куәгерлері - 1,7%, пресвитериандықтар - 2,8%, жетінші күн адвентисты - 1,2%, жаңаапостоль шіркеуі - 0,7%, лютерандар - 0,4%, методисттер - 0,4%, кришнаидтер - 0,3%, бахаи - 0,2%, иудаизм 0,2%, меннониттер - 0,1%, буддизм - 0,06%, мормондар - 0,06%, муниттер - 0,03%. Енді, діни бірлестіктердің санының әр елдегі саны тұрғысынан мысал келтірсек: Чехияда 11, Румынияда 18, Словакияда 11, Түркменстан 123, Қазақстанда 18 конфессия 3514 (2015 жыл, қаңтар) діни бірлестік бар» (Мейрамгул Исаева Ибадуллақызы. Қазақстандағы діни бірлестіктерді талдау. https://eurasian-research.org/wp-content/uploads/2020/08/ERI-WP-05.pdf.).
Қазақстандағы діни бірлестіктердің жоғарыдағы зерттеу нәтижесінде анықталған сандық көрсеткіштерінен және діни бірлестіктерді түрлі мемлекеттердегі тіркеу талаптарымен салыстырғанда Қазақстандық шарттардың барынша толеранттылығымен танылатынын төмендегі мәліметтен көреміз: «Діни бірлестіктерді тіркеушарттары әр мемлекетте түрлі талаптарға сай жүргізіледі. Батыс елдерінде діни бірлестіктерді тіркеуде бірлестіктің мүшелерінің санына ерекше мән береді және мүшелер саны жалпы халықтың 0,1% мөлшерін құрау деген шарт біздің елде қажетті іс болар еді. Діни бірлестікті тіркеу үшін мүшелер санына қойылатын талаптарәр елде әр түрлі: Чехияда 10 мың адам (0,1%), Румынияда 22 мың (0,1%), Австрияда 300, Венгрияда 100, Ресейде 50, Қазақстанда 50».
Қазақстан қоғамында жоғарыда келтірілген дерекке сәйкес «18 конфессия, 3514 (2015 жыл, қаңтар) діни бірлестіктің» қатар өмір сүруі олардың өкілдері тарапынан сол конфессияларға қатысты жағымды / жағымсыз түрлі пікірлер мен көзқарастардың орын алуына және әлеуметтік желілер мен Ғаламтор сайттарында т.с.с. масс-медиа құралдарында талқылануына алып келіп жатады. Ал діни тақырыптардағы мәселелердің масс-медиа құралдарындағы талқылаулары мен жарияланымдары, өз кезегінде заңгерлік, құқықтық сала мамандары, сонымен қатар тағы да басқа құзырлы органдар тарапынан мемлекет пен қоғам мүддесімен үйлесімділігі, заңға қайшылықты болмауы тұрғысынан қарастырылып, авторлары ҚР ҚК 174-бабы (Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру) бойынша жауапқа тартылып жатады. Соның айқын мысалы ретінде «YouTube» видеопорталына «Полат ұстаз 1.mp4» деген атпен салынған бейнедыбыс жазба туралы айтуға болады. Осы бейнедыбыс жазбадағы мәліметтер мен ақпараттар мазмұнының заңсыз әрекеттерді қамту мүмкіндігін анықтауда құзыретті орган дінтанушы зерттеулерімен бірге, лингвист-маманның да талдауын қажет етеді.
Көпконфессиялы қоғам жағдайындағы мемлекетіміздің масс-медиа құралдарындағы діни тақырыптардағы жоғарыдағыдай қылмыстық жауапқа тартылған жарияланымдар және олардың мазмұнына байланысты заң баптарында төмендегідей түсіндірмелер берілген:
Қазақстан Республикасының «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 1-бабына сәйкес әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты жандандыру экстремистік әрекет түрі болып табылады (әлеуметтік, таптық араздықты жандандыру ..... (саяси экстремизм); нәсілдік, ұлттық және рулық араздықты жандандыру … (ұлттық экстремизм); діни араздықты жандандыру … (діни экстремизм).
Қазақстан Республикасының «Экстремизмге қарсы iс-қимыл туралы» Заңының 1-бабында экстремистік әрекеттер мен экстремистік материалдар ұғымдарының анықтамалары берілген:
- 5) экстремистiк әрекеттер – экстремистiк мақсаттағы әрекеттер жасауға жария түрде шақыруды, экстремистiк ұйымдардың нышандарын насихаттауды, үгіттеуді және көпшiлiкке жария көрсетудi қоса алғанда, осындай әрекеттердi тiкелей iске асыру;
- 7) экстремистiк материалдар – экстремистік әрекеттердiң белгілерін және (немесе) оны жүзеге асыруға шақыруды қамтитын не оларды жасау қажеттігін негiздейтiн немесе ақтайтын кез келген ақпараттық материалдар. http://adilet.zan.kz/kaz/docs/K1400000226
Жоғарыда аталған ұғымдардың анықтамаларында (дефиницияларында) ҚР ҚК 174 бабында қарастырылған жауапкершілікке тартылатын сөз әрекеттері көрсетілген. Бұл төмендегідей ақпараттық материалдар:
1) азаматтардың әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни қатыстылығына байланысты оларға қарсы агрессивті, зорлық әрекеттерін жүзеге асыруға үндейтін материалдар;
2) азаматтардың әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни қатыстылығына байланысты оларға қарсы жаулық немесе жеккөрушілік қарым-қатынас қажеттігін негіздейтін я ақтайтын материалдар;
3) азаматтардың әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни қатыстылығына байланысты оларға қарсы агрессивті, зорлық әрекеттерді жүзеге асыру қажеттігін негіздейтін я ақтайтын материалдар. http://adilet.zan.kz/kaz/docs/K1400000226
Сөйтіп, «YouTube» видеопорталына «Полат ұстаз 1.mp4» деген атпен салынған бейнедыбыс жазбасының мазмұны Қазақстан Республикасының «Экстремизмге қарсы iс-қимыл туралы» Заңының 1-бабы және ҚР ҚК 174-бабы (Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру) бойынша «діни араздықты қоздыру» тіркесінің мағынасына берілген дефинициялар тұрғысынан зерттелді.
YouTube» видеопорталына «Полат ұстаз 1.mp4» деген атпен салынған бейнедыбыс жазба мәтінінің жалпы мазмұны ‘Ақтөбедегі жағдайға байланысты салафилерге тыйым салынатыны туралы хабар және соған байланысты адамдардың әрекетін бағалау және нұсқау беру’ туралы ақпаратқа құрылған.
Бейнежазбада діни бағытқа жанама түрде қатысты «Қазір жарып жатқандар, қырып жатқандарға сәләфилерге ешбір қатысы жоқ. Олар кімдер хауариждер, тәкфирлер» деген сөйлем бар. Контекстегі сөйлемдердің мағыналық байланысына қарағанда, автордың бұл ‘жарып жатқандар, қырып жатқандар – хауариждер, тәкфирлер’ сөзі аталмыш әрекеттердің (жару, қыру) салафилердің ісі емес екенін білдіру үшін жалпылама айтылғаны анықталды. Өйткені бейнежазбада хауариждердің, тәкфирлердің жару, қыру әрекеттері туралы нақты деректер келтірілмеген. Бұл тікелей хауариждерді, тәкфирлерді жаманатты қылу мақсаты көзделмегенін көрсетеді.
Автор тарапынан хауариждердің, тәкфирлердің немесе оның өкілдерінің бойынан, іс-әрекеттерінен жағымсыз моральдық қасиеттердің, теріс қылықтардың, кінәраттардың үнемі көрініс беретіні туралы ақпарат жоқ. Және хауариждердің, тәкфирлердің немесе оның өкілдерінің барлығына қарсы жек көрушілік, жақтырмаушылық, төзбеушілік қарым-қатынас көрсету қажеттілігі туралы сөздер де айтылмаған.
Бейнежазбадағы Алладан болатын тағдырдың түрлері туралы төмендегі сөздер тікелей автордың өз тұжырымдары емес, дереккөздер негізінде, нақты айтқанда, Құран сүрелерін басшылыққа ала отырып айтылғаны зерттеу кезінде анықталды: «Үшіншісі жылдық тағдыр, қазіргі кейбір адамдар айтып жүргендей, декабрьдің 31 бір жылға жазылады, жаңа жылды қалай өткізсең, бір жыл солай болады дейді. .... Өскеменнің бас имамы сөйлеп жатыр, артында елка тұр, адамдар ішіп жеп қуып жатыр. Ол не дейді, Исус біздің пайғамбар, жаға жыл оның мәуліті дейді. Сендер келіп ол жерде не бар дейсіңдер, не бар ол жерде, Құранға күпірлік бар ол жерде. Алла айтады Маида сүресінде, ей, иман келтіргендер, оларды дос тұтпаңдар, яхудилер бір бірін дос тұтқандар, кім оларды дос тұтса, ол солардан деді. Ол жерде арақ ішкен бір бөлек, зина істеген бір бөлек. Ол жылдық тағдыр қашан болады, Рамазан айының соңғы 10 күнінде келетін тақ күндерінде болады. Ол ай мың айдан қадірлі деді. Пайғамбар (с.а.у.) қадір түнін ұйықтамастан, ғибадатпен намазбен истихфармен тәубамен құранмен, дұғамен, тілекпен өткізуді бұйырды».
Автордың бұл сөзінде жылдық тағдыр туралы екі көзқарас салыстырылады:
Қазіргі кейбір адамдардың көзқарасы бойынша жылдық тағдыр және оның өткізілу салты туралы | Құран және оның сүрелері бойынша жылдық тағдыр және оның өткізілу салты туралы ақпарат |
декабрьдің 31 бір жылға жазылады, жаңа жылды қалай өткізсең, бір жыл солай болады | жылдық тағдыр қашан болады, Рамазан айының соңғы 10 күнінде келетін тақ күндерінде болады |
елка тұр, адамдар ішіп жеп қуып жатыр | Ол ай мың айдан қадірлі |
Исус біздің пайғамбар, жаға жыл оның мәуліті | Пайғамбар (с.а.у.) қадір түнін ұйықтамастан, ғибадатпен намазбен истихфармен тәубамен құранмен, дұғамен, тілекпен өткізуді бұйырды |
Ол жерде арақ ішкен бір бөлек, зина істеген бір бөлек |
Автор жылдық тағдырға байланысты бірінші жағдайды «Аллаға күпірлік» (Алланы мойындамау) ретінде көрсетеді: Куфр – неверие, непризнание ислама или отход от его норм. В разряд К. Включаются серьезные проступки и преступления: многобожие, отказ от молитвы, колдовство, прелюбодеяние, самоубийство, пьянство, азартные игры, и.т.д. К. Считается также, если ученый (’алим) руководствуясь своим авторитетом, уведет верующих с пути истинного [Ислам: Энциклопедический словарь. – М.: Главная редакция восточно литературы, 1991, 146]. Және автор Құран сүресіне т.б. деректерге сәйкес Мұхаммед пайғамбарды мойындағысы келмеген яхудилер туралы айтады: «Общая религиозная концепция Корана ставит Й. как ахл ал-китаб в промежуточное состояние между верующими и неверующими» [Ислам: Энциклопедический словарь. – М.: Главная редакция восточно литературы, 1991, 146]. Йахудилерге байланысты Құран сүресінен «оларды дос тұтпаңдар, яхудилер бір бірін дос тұтқандар, кім оларды дос тұтса, ол солардан деді» деген сөзді келтіріп, «Ол жерде арақ ішкен бір бөлек, зина істеген бір бөлек» дейді.
«Дос тұтпау» сөзінің мағынасы дос ретінде көрмеу, дос қатарында санамау мағынасын білдіреді. Мысалы, қадір тұтпау – қадірлі нәрсе ретінде санамау, қадірлемеу; місе тұтпау – қанағат көрмеу; мақсат тұтпау – мақсат ретінде есептемеу т.б. Яғни, контекстің мазмұндық тұтастығында ‘жаңа жылдық тағдыр, ішіп-жеу, арақ ішу, зина – Аллаға күпірлік (оны мойындамау), Аллаға күпірлік келтіруші яхудилер сияқты болмау керек’ деген ойды білдіреді. Яғни, контексте автор тарапынан яхудилер тікелей арақ ішушілер, зина жасаушылар қатарында көрсетілмеген, тек аталмыш жағымсыз қасиеттердің «Аллаға күпір келтірушілерге» тән екенін және «күпір келтірушілерге» қатысты Пайғамбардың өсиетін көрсетеді. Бұл үзіндіде яхудилерді «дос тұтпаңдар, яхудилер бір бірін дос тұтқандар, кім оларды дос тұтса, ол солардан деді» туралы Маида сүресінен алынған мәлімет мысал, дерек ретінде ұсынылған [Құран Кәрім кітабы, аудармашы – Халифа Алтай, 117-бет].
Жаңа жыл кезіндегі салттарды я әрекеттерді Құран концепцияларына сәйкес қарастырады, салыстырып, оларды (ішімдік ішу, жылдық тағдыр ретінде қарау, зина) күпірлік (Аллаға мойынсұнбау) ретінде тұжырымдайды. Зерттеуге ұсынылған стенограммалық мәтінде қайсыбір адамдарды я яхудилерді немесе оның өкілдерін жек көру, оларға жаулық қарым-қатынаста болу қажеттігін негіздейтіндей олардың теріс, жағымсыз, халыққа қауіп төндіретін әрекеттері туралы деректер келтірілмеген. Жоғарыдағы «дос тұтпау» тіркесінің семантикалық талдауы қарастырылып отырған контексте яхудилердің я басқа кейбір адамдардың діни қатыстылығына қарай оларға қарсы агрессивті, зорлық әрекеттерге үндеу орын алмағанын көрсетті.
Бейнедыбыс жазбада «Тарихи Бағдат» деген кітаптың авторына сілтеме жасала отырып, моңғолдар туралы тарихи ақпарат келтірілген. Бұл ақпараттың бейнежазба авторы тарапынан, біріншіден, «фитна», яғни ‘сынақ келген жағдайда одан қорқудың қаншалықты мәні бар ?’ деген сұрақты тыңдармандарына түсіндіру үшін сілтеме ретінде қолданған. Автор моңғол шапқыншылығы кезеңінен алынған үзінді арқылы тыңдармандарға Бағдат халқының үрей, қорқынышының негізсіз болғанын алға тарта отырып, «фитна» - сынақтан қорқудың, үрейленудің негізсіздігін, нақты айтқанда, мәтін мазмұнынан анықталғандай, ‘бос үрей мен қорқыныштан намаз оқуды тоқтатудың, мешіт тастаудың, сақал қырудың дұрыс еместігін түсіндірмек болған’.
«Моңғол» этнонимі мемлекет мәнісінде, нақты айтқанда, моңғол империясы тұрғысынан идентификацияны – мемлекет атауы мен оның халқының атауының сәйкестігінде қолданылған. Бұл моңғол этнонимінің даулы бейнежазбадағы қызметін оқулықтардағы, ғылыми зерттеулердегі «моңғол шапқыншылығы» тіркесінің тарихи оқиға атауы ретіндегі қызметімен салыстыруға болады.
Қорыта келгенде, лингвистикалық талдау бейнежазба авторының Құран сүрелеріндегі концепцияларды, тарихи дереккөздерді басшылыққа ала отырып, қазіргі жағдайларға талдау жасағанын көрсетеді. Бейнежазбада діни топқа, этносқа қатысты тыңдармандардың/көрермендердің жаулық, жек көрушілік қарым-қатынастарын қалыптастыру, сол топқа қарсы физикалық әрекеттерді құптау, сонымен қатар жеке қасиеттерінің жағымсыз бағасына байланысты жаулық нысаны болып отырған сол топтың құқықтары мен бостандықтарын шектеуге бағытталған әрекеттерді негіздейтін, ақтайтын сөйленістер айтылмаған.